Отбасы банкі үй кезегінде тұрған 55 мыңнан аса адамды тізімнен шығарып тастады

Отбасы банкі мемлекеттік тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтардың тізімін жаңартты. Меншігінде тұрғын үй болғандықтан, кейбір азаматтар кезектен уақытша шығарылды.
Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қазіргі таңда дерекқорда 642 мың адам тіркелгенін атап өтті. Тізімді қайта қарап шығу – деректерді нақтылау, жазбалардағы ықтимал қателіктерді түзету және мемлекет қолдауына шын мұқтаж азаматтарды анықтау мақсатында жүргізілуде. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, барлық талапқа сәйкестігін 244 мың қазақстандық растаған.
«Тұрғын үйді жаңа тәртіппен (несиелік немесе жалдамалы) әділ бөлу үшін банк кезекте тұрған адамдарға SMS жіберіп, телефон соғып, деректерін қайта тексеруден өту керек екенін хабарлады», – деді банк басшысы.
Нәтижелерге сәйкес, 55 мыңнан астам адам тізімнен уақытша шығарылған. Негізгі себеп – өз меншігінде тұрғын үйдің болуы. Мемлекеттік бағдарламалар талаптарына сай, атына пәтер рәсімделген немесе жұбайымен бірлескен меншікте тұрғын үйі бар азаматтар жеңілдетілген тұрғын үй алуға үміткер бола алмайды.
Үлестік меншік пен бірлескен меншік айырмашылығы
Түгендеу барысында тағы бір маңызды жайт анықталды: кезекте тұрған көптеген азаматтың бала кезінде жекешелендіру арқылы немесе мұрагерлік жолмен алған үлестік меншігі болған, әрі олардың бірқатары бұл туралы білмеген.
«Егер сіздің тұрғын үйде үлесіңіз болса, жетіден бір, үштен бір немесе жарты үлес – бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға кедергі келтірмейді. Ең бастысы, үлесті бірлескен меншікпен шатастырмау керек», – деп нақтылады Ләззат Ибрагимова.
Осылайша, пәтердегі үлестің болуы енді кезекке қатысуға және мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алуға бөгет болмайды. Шектеу тек толық немесе бірлескен меншік иелеріне ғана қатысты.
Айта кетейік, 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап Отбасы банкінің ипотекасын өтеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелері өзгерді. Бұл түзетулер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушысының жарлығымен бекітілген және 31 қаңтардан бастап күшіне енеді.