«20 жыл болды ғой»: депутат ауылда малы бар отбасыларға көмектесуді ұсынды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев мал шаруашылығына бөлінетін мемлекеттің миллиардтаған ақшасын ауылда малы бар азаматтарға беруді ұсынды.

Ергешбаев 20 жылдан бері ірі шаруа қожалықтарға, агрофермаларға көмек беріліп жатқанына назар аударады.

«Кооператив ашыңдар деп жылдар бойы айттық. Нәтиже жоқ. Әңгімеміздің бәрі сол. Асыл тұқымды малды көбейтіп, жер мәселесін шешкіміз келеді. Айналып келгенде соны айта береміз. Біз неге кіші шаруашылықтарға мән бермейміз? Неге үлкен ірі шаруашылықтарға ғана жеңілдік бере беруіміз керек? 20-30 ірі қарасы бар, 500 ұсақ малы бар азаматтарға берейік. Сонда ауылдағы азаматтар шынында да, отбасылық фермер болады. Ал қазір ірі шаруашылықтар субсидия сұрай береді. Арты жемқорлыққа жалғасып жатыр», – дейді депутат.

Депутаттың бұл уәжіне жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Ауыл аманаты» бағдарламасымен халыққа 5 емес, 2,5 пайызбен несие берілетінін айтты.

«Копператив болса 100 млн теңгеге дейін алуға болады. Сондықтан оларға жағдай жасалған», – дейді депутат.

Мұрат Ергешбаев вице-министрдің сөзімен келіспеді. Елде бәрібір жеке шаруашылықтар дамымай, кооперативтер құрылмай жатқанын мәлім етті.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстанның үш өңірінде колледждер мен университеттерде агросынып ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз