«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы акцияларының қымбаттауына не әсер етті

Осы аптада уран алыбы – «Қазатомөнеркәсіп» акциялары қатты өсті. Оған әлемдік нарықта уран шикізатының қымбаттауы әсер еткен.
28 қаңтарда Қазақстан қор биржасында «Қазатомпром» акциялары ерекше серпіліс көрсетті: бір күнде бағасы шамамен 11% өсіп, инвесторларды таң қалдырды.
Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, бұл феноменнің негізгі себебі – «Лондон импульс»: қазақстандық эмитент акциялары Лондон биржасындағы оң трендтің әсерімен жергілікті нарықта да өскен. Компания бағалы қазаздары бұл биржада 89,2 доллардан саудаланып жатыр.
Бүгін акция бағасы 44 030 теңгеге дейін көтеріліп, +2,16% өсімін сақтап қалды. Бұл деректер акциялардың тек бір күндік серпіліс емес, тұрақты трендке ие болғанын көрсетеді. Сауда көлемінің артуы да инвесторлардың белсенділігінің артқанын дәлелдеді.
Бұған дейін өткен аптада KASE сауда алаңында «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 37,6 мың теңгеге дейін қымбаттап, бір күнде 4,44% немесе 1,6 мың теңгеге өскен.
Лондондағы өсім «Қазатомпромға» капитал ағынын күшейтіп, жергілікті инвесторлардың қызығушылығын арттырды. Күнделікті баға өсуі акцияға деген қысқа мерзімді оптимизмнің қалыптасқанын көрсетеді.
Әлемдік энергетика саласында ядролық энергияға сұраныс өсіп келеді, бұл уран бағасы мен уран өндіруші компаниялардың акцияларына қызығушылықты арттырып жатыр.
«Қазатомпром» акциялары 2018 жылы Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығы биржасында жария саудаға шығарылған.
«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ірі уран өндіруші. Әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызы Қазақстанға тиесілі.
«Қазатомөнеркәсіптің» ауционерлері:
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ – 63%,
- ҚР Қаржы министрлігі – 12%,
- Еркін айналымдағы акциялар (KASE, AIX, Лондон биржасы) – 25%.