Мәжіліс вице-спикері жаңа Конституция қабылдауды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспабева
Депутат Дания Еспаева жаңа Ата заң қабылдауды қолдайды / фото: Конституциялық комиссия отырысы тікелей эфирінен алынған скриншот

Парламенттің төменгі палатасы төрағасының орынбасары, депутат Дания Еспаева жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. Өйткені конституциялық комиссияға түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды.

«Жекелеген түзетулер өзгерістерді орнықты іске асыру үшін қажетті тұтастық пен айқындықты қамтамасыз етпейді», – деп есептейді депутат.

Оның айтуынша, ел азаматтарының, сарапшылардың және әріптестердің комиссияға жолдаған 2 мыңнан астам өтініші назарға аударуға тұрарлық. Сол себепті құжатқа түзету енгізгеннен гөрі, жаңа мәтін қабылдаған жөн болады, деп есептейді Еспаева.

Бұл ретте депутат Құқық актілері туралы заңның 26-бабына сүйенді.

«Заңның осы бабы нормативті құжаттың ауқымын ескеруді талап етеді. Заңда құжаттың жартысынан көбі өзгерер болса, оның жаңа мәтіні қабылданатыны жазылған», – дейді вице-спикер.

Сөз соңында депутат талқыланып жатқан түзетулерді жаңа Конституция жобасына енгізуді ұсынды.

Еспаевадан кейін сөйлеген депутат Айдос Сарым да әріптесін қолдап, жаңа Конституция қабылдауды сұрады. Өйткені, депутаттың айтуынша, көптеп түсіп жатқан ұсыныстар Ата заңнын 77 бабын өзгертуді көздейді. Көпшілік қазір қолданып жүрген Конституция 99 баптан тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз