Зорлық көрген 18 жастағы қыздың арызынан кейін полицейлер жұмыстан шығарылды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Полиция
Зорлық көрген 18 жастағы қыздың арызынан кейін полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды / Фото: shutterstock

Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев хабарлады.

Күдіктілер жұмыстан шығарылды

Ресми өкілдің айтуынша, бұрынғы полиция қызметкерлерінің бұл қылмысқа қатыстылығы туралы ақпарат толық көлемде тексерілуде. Тергеу барысында олардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.

«Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша аталған қызметкерлер ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін жұмыстан шығарылды», – деді Алекешев.

Тергеу барысы

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр.

Министрлік бұл істің ашықтығы мен әділдігіне кепілдік беріп отыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауына алынды.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде өзін 17 жастамын деп таныстырған Шымкент қаласының тұрғыны өзін Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны еркінен тыс алып қашқанын айтып, шағымданған еді.

Сондай-ақ оқыңыз