Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры ҚБТУ ғимаратын мемлекетке қайтарды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Тарихи ғимарат 1957 жылы ашылған / фото: shutterstock

Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры ҚБТУ ғимаратын мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы Kursiv.Media қор таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.

NNEF қоғамдық қоры Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) орналасқан ғимаратты «өз еркімен және өтеусіз негізде» мемлекет меншігіне қайтарды. Алайда ҚБТУ акциялары қор меншігінде қала береді.

«Қазір Қор Алматы қаласы әкімдігімен ғимаратты Университетке сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөздерді жалғастырып жатыр», – делінген NNEF таратқан мәлімдемеде.

Университет акцияларының 100%-ы Nursultan Nazarbayev Educational Foundation қорына тиесілі. eGov мәліметінше, қордың құрылтайшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева, сонымен бірге Галина Самарская.

Құрылысы сонау 1938 жылы басталып, 1957 жылы ғана ашылған тарихи ғимарат төңірегіндегі дау ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Кезінде осы ғимаратта ҚазССР Жоғарғы Кеңесі отырған. Кеңес дәл осы жерде 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігі туралы заң қабылдаған.

ҚБТУ-ды 2001 жылы қазақ үкіметі құрған. Бастаманы Назарбаев пен Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Тони Блэр көтерген. Ал 2018 жылы университет NNEF қорына 11,3-12 млрд теңгеге сатылған.

Динара мен Тимур Құлыбаевтар Forbes-тің дәулеттілер тізімінде төртінші орында тұр. Басылым олардың әрқайсының байлығын 5,3 млрд долларға бағалаған.

Сондай-ақ оқыңыз