Air Astana Алматыдан Шанхайға тұрақты рейс ашады

«Air Astana» әуе компаниясы Алматы — Шанхай бағыты бойынша тікелей рейстердің іске қосады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы рейс 2026 жылғы 29 наурызға жоспарланған. Рейстер аптасына 3 рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Билет сатылымы да қазірдің өзінде басталып кетті.
Жаңа бағыт іске қосылған соң, Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің жалпы саны аптасына 81-ден 84-ке дейін артады.
«Әуе қатынасының кеңеюі сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік және туристік ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп күтілуде», – делінген хабарламада.
Рейстер ұшу қашықтығы ұлғайтылған және жайлылығы жоғары заманауи Airbus A321LR тар фюзеляжды лайнерлерімен орындалады. Ұшу уақыты Шанхай бағыты бойынша 6 сағат 15 минутты, ал кері бағытта 7 сағат 35 минутты құрайды.
Айта кетейік, елімізде шетелдік туристерді тарту мақсатында әуежайларда тағы 13 жаңа халықаралық бағыт ашылады. Жаңа әуе бағыттары Вена, Токио, Рим, Эр-Рияд, Ларнака, Амман, Даммам, Қашғар, Дели, Рига, Бішкек (Шымкенттен), Варшава және Үрімші (Шымкенттен) қалаларын қамтиды.