Студенттердің әскери кафедраға оқуға түсу жолы жеңілдеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Биыл 1 ақпаннан бастап жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға оқуға түсуге өтінішті eGov.kz порталы арқылы толық онлайн форматта бере алады.

Еgov.kz порталының хабарлауынша, құжат тапсырудың жаңа тәртібі офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларына конкурсқа қатысу процесін жеңілдетіп, студенттер үшін оны ашық әрі қолжетімді етеді.

Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери атағы беріледі.

«eGov.kz порталы арқылы өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері тапсыра алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр болатын. Біз азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету және офлайн жүгінуді азайту үшін сұранысқа ие қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіруді жалғастырып келеміз. Әскери кафедраларға онлайн өтініш қабылдау – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Өтінім беру үшін қажет қадамдар:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өту;
  • «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімін таңдау;
  • «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы әскери кафедраларға түсуге өтініштерді қабылдау» қызметін таңдау;
  • «Онлайн сұрау» батырмасын басу;
  • деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
  • деректерді пайдалануға келісім беру;
  • сұранысты қолжетімді қол қою тәсілдерінің бірімен растау.

Өтінім жіберілер алдында жүйе үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша, сондай-ақ мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғына қатысты мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады.

Байланыс телефоны Мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген болса, автоматты түрде толтырылады, ал болмаған жағдайда қолмен енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз