Түркістан облысынан 100 мыңнан аса адам көшіп кеткен

Түркістан облысында халық саны 2 млн 150 мыңға жуықтаған. 2024 жылмен салыстырғанда 6 мың адамға аз. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжановтың мәліметінше, аймақта өткен жылы 11 мыңнан аса бала туылған. Салыстырмалы түрде алғанда, туу көрсеткіші кеміген.
«2025 жылғы қаңтар-қарашада 43 327 бала дүниеге келген. 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,3%-ға кем. Туылғандардың 22 247-і – ұл, 21 080-і қыз. Ұл баланың көп туылу тенденциясы сақталуда», – дейді Бекжанов.
Десе де, бала туу көрсеткішінен облыс ел бойынша көш бастап тұр.
Өкініштісі, өткен жылы 2 мың отбасы ажырасқан. Некеге тұрғандар саны азайған. Облысқа 63 мыңнана аса адам көшіп келгенімен , 100 мыңнан аса адам көшіп кеткен. Олардың дені Қазақстанның басқа аймақтарына қоныс аударған.
Түркістан облысында ең төмен жалақы – 170 мың теңге
«Түркістан облысында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы – 284 311 теңге. Осы тоқсанда ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында 572 824 теңге болып белгіленді. Ал ең төмен жалақы Жетісай ауданында – 201 227 теңге», – деді Бекжанов.
Облыстағы ең жоғарғы жалақы – 728 мың теңгеге жуықтаған. Мұндай жалақыны «Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу» саласы мамандары алған.
Ал ең төменгі жалақы 170 мың теңгеге жетпеген. Оны «Сумен жабдықтау; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет» саласы мамандары алып отыр.