Ақтөбелік мұғалім ҰБТ баллын сатқан

Мұғалім әр сұрақты 7 мың теңгеден бағалаған. Сот деректеріне сүйенсек, 80 балл «жинау» үшін екі талапкердің әрқайсысы оған 560 мың теңгеден берген.
Nege ақпаратына қарағанда, әйел бұл ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.
«Нәтижесінде сотталушы өзінің қылмыстық құқықбұзушылық іс-әрекетімен жәбірленушінің әрқайсысына 560 мың теңге материалдық шығын келтірген. Сот отырысында сотталушы «Ж» өзінің кінәсін толық мойындады», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Алайда ол талапкерлерге тестілеуден өтуге нақты көмектеспеген болуы мүмкін. Өйткені іс «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейін жеткен. Педагог өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген.
Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, үш жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Амнистияны ескере отырып, жаза мерзімі 2 жыл 4 айға дейін қысқартылды.
Айта кететін жайт, қаңтардағы ҰБТ-да 56 талапкер смартфон, шпаргалкамен ұсталған еді.