Жұмыстан кетуімді министрдің өзі ұсынды – академияның экс-президенті

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының экс-президенті Нәзипа Аюбаева қызметтен кету себебі жайлы желіде жазба жариялады. Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдемесін жоққа шығарды.
Нәзипа Аюбаеваның айтуынша, оның академия президенті қызметінен кетуіне қатысты министрдің пікірінен кейін жеке өзіне көптеген сұрақ келіп түскен. Сондықтан жағдайды түсіндіруді жөн көрген.
Аюбаева 2025 жылдың мамыр айының соңында академия алдында тұрған міндеттердің ауқымын түсініп, кәсіби тәжірибесі жеткілікті деп есептеп қызметке кіріскенін жазды. Алты айда атқарған жұмысын министрлікке ұсынғанын да атап өтеді.
Нәзипа Аюбаеваның сөзінше, оның қызметтен кетуін министрдің өзі ұсынған. Ол ұсынысты еш қарсылықсыз қабылдаған.
«Менің лауазымнан босатылуым жұмыс берушінің бастамасымен жүзеге асырылды. Бұл туралы мені министрліктің басшылығы хабардар етті. Мен ұсынысты қарсылықсыз қабылдадым», – дейді ол.
Сондай-ақ Аюбаева оқу пәндерін біріктіру реформасына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамағанын атап өтті.
«Ал енді, оқу пәндерін біріктіру реформасына келер болсақ, бұл мәселеге қатысты мен ешқандай мәлімдеме жасаған емеспін. Айта кетейін, бұл норма 2025 жылғы 23 қаңтардағы №12 Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген ЖММБС мәтінінде қарастырылған. ЖММБС мәтінінде пәндерді біріктіру жеке реформа ретінде көрсетілмеген және мектептер үшін міндетті емес: 36-бап ақылы әр білім беру ұйымына бұл норманы қолдану өз еркінде екені бекітілген», – дейді Нәзипа Аюбаева.
Еске сала кетейік, жақында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болған Нәзипа Аюбаеваның қызметтен кету себебін түсіндірген еді. Министр Аюбаеваның жұмыстан өз еркімен кеткенін, үш пәнді біріктіру бойынша реформаны тоқтату туралы ұсынысқа көнбегенін мәлімдеген болатын.