Күйеуінің қолынан өлген Айзат Жұманованың туыстары президентке үндеу жолдады

Талдықорғанда қаза тапқан Айзат Жұманованың туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
Істің мән-жайы
Қайғылы жағдай Жетісу облысы Баласаз ауылында болған. Тергеу дерегінше, 2025 жылдың 21 маусымы сағат 05:00 шамасында марқұмның күйеуі Айбар Жанболат тауға атпен мал бағуға кетіп, 16:30 шамасында үйіне келген. Сол кезде Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен әңгімелескенін сұраған. Жұманова жауап бермей, үйге кіріп кеткен.
Содан кейін Жанболат дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алған. Жол бойы сатып алған сыраны ішкен. Үйге келген соң Жұманованың белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүргені есіне түсіп, қызғаныш сезімі оянып, әйелін өлтіруді ойлаған.
Айбар Жанболат әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі негізінде қаралды.
Туыстары не дейді?
Жұманованың туысы Раушан Дәуренбекованың айтуынша, тергеу барысында істі қылмыстық істің 99-бабы 2-бөлігі негізінде қарауды сұраған.
«Тергеу кезінде көп нәрсе анықталмады. Беттестіру жүргізілмеді. Куәгерлердің жауабы бір-біріне қайшы шықты. «Куәгер болмады», «видео болмады» деген сылтаумен «бұл жерде аса қатыгездікті көрмедік» деген болжам жасаған. Сараптама нәтижесінде көрсетілген жарақаттар назардан тыс қалды», – дейді туыстары.
Сол себепті президенттен осы істі назарға алуын сұраған.