Тоқаев Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелерімен танысты

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Тоқаев Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелерімен танысты / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық комиссия төрағасы – конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімованы, конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және комиссия мүшесі – президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Эльвира Әзімова Конституциялық комиссияның осы уақытқа дейін өткен отырыстарында жүргізілген талқылаулар нәтижесінде Қазақстан Конституциясының түбегейлі жаңа мәтіні әзірленгенін баяндады.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа преамбула, сондай-ақ бірқатар баптар мен бөлімдердің жаңартылған мазмұны тұтас конституциялық модельді айтарлықтай жаңғыртуға бағытталған. Бұл өзгерістер саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болады.

Осыған байланысты комиссия мүшелері әзірленген құжатты Конституцияның жаңа нұсқасы ретінде қарастырып, оны халықтың назарына ұсыну үшін жариялау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Конституциялық комиссия жаңа Ата Заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыра беретінін жеткізді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның ауқымды әрі жүйелі жұмыс атқарғанын атап өтті. Президент Конституцияның жаңа нұсқасын бүкіл халықтың қарауына шығару маңызды екенін айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға қатысты түпкілікті шешім қазақстандықтар тарапынан республикалық референдум арқылы қабылданатынын тағы да атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз