Қазақстанда дрондарды басқаратын мамандарға арналған зертхана ашылды

Ішкі істер министрлігі дрондарды басқаратын мамандар үшін арнайы зертхана мен полигон ашылды. Министр Ержан Сәденов ІІМ Басқару академиясы базасында сынақ алаңымен арнайы танысып қайтты.
Мұнда 3D-принтерлерді пайдалана отырып бөлшектерді жобалау және дайындаудан бастап, дрондарды құрастыру, техникалық баптау және сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезеңдер орындалады. Курсанттар тек пилоттау дағдыларын меңгеріп қана қоймай, FPV-дрондардың құрылымын, оны пайдалану ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Полигонда мамандар дронды шебер басқаруды, түрлі қиындықтар кезінде қалай әрекет ету керектігін нақты жағдайларға ұқсас жерде жаттығып үйренеді. Сонымен қатар, Ashyq Aspan Foundation қорымен бірге жаңа оқу бағдарламасы енгізілді. Енді мамандар FPV-дрондарды (көзбен көріп басқаратын жылдам дрондар) игеріп, күрделі жағдайларда жылдам шешім қабылдауды үйренеді.
Осыған дейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында дрон басқара алатын мамандарды даярлайтын әскери мектеп ашылғанын жазған едік.