Эпштейн және қазақ элитасы: құпия файлдағы Мәсімов, Шөкеев пен Құлыбаев

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Джеффри Эпштейн және Қазақстан
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі атышулы Джеффри Эпштейннің зорлық-зомбылық қылмыстарын зерттеуге қатысы бар 3 млн құжатты жариялады. Құпия файлдарда Қазақстан элитасындағы адамдардың аты-жөні аталады. Олардың арасында Мәсімов, Құлыбаев, Шөкеев, Келімбетов, Қазыханов және басқа да шенеуніктер мен топ-менеджерлер бар.

Мәсімовті танисың ба?

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн әлемнің көптеген елін қамтитын элита қауымдастығын құрып, кем дегенде 1 мың кәмелет жасқа толмаған қыз бен әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға итермелеген. Олардың көбі ықпалды адамдардың зорлық-зомбылығына ұшыраған.

АҚШ үкіметі жариялаған миллиондаған құжаттарда кәсіпкердің Қазақстан элитасына да көз тігіп, олармен байланыс орнатып үлгергенін айғақтайтын файлдар бар. Хаттардың бірін Эпштейнге бұрынғы қазақ премьер-министрінің «көршісі» жазған.

«Джеффри, менің үйімнің қасындағы үй Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовке тиесілі. Оны танисың ба?», – деп сұрайды Эпштейннен әзірге кім екені белгісіз, бірақ өзін поштада «Omnpasnemo» деп көрсеткен біреу.

Эпштейн файлдары
Кәрім Мәсімовтің «көршісі» Эпштейнге хат жазған / justice.gov сайтында жарияланған EFTA01857490 нөмірлі файл

Бұл хат 2011 жылғы 4 тамызда жазылған. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі болған Мәсімов үкіметті басқарып жүрген. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған.

Осы хат Эпштейннің Қазақстан элитасымен байланысы бар екенін көрсетеді. Қаржыгер түрлі елдердің президенттері мен премьерлеріне жақындауға тырысқан. Эпштейн діттеген мақсатқа жету үшін түрлі әдістерді, соның ішінде атақты жұлдыздар мен сұлу әйелдерді де пайдаланғаны мәлім.

Мәсімовтің үйіне қатысты хаттың алдында «Сені кездестіргісі келеді (ол әйел 2 аптадан кейін Парижде болады)» деп жазады қазақ премьерінің көршісі. Мәсімовті танитын бұл адам түрлі әйелдерді Эпштейнмен кездестірумен де айналысқан сыңайлы. Ол Парижге жиі барып, әйелдерді сол жерге жиі шақырғаны мәлім.

Келімбетовпен кездесу

Эпштейн Қазақстандағы ықпалды топтарға шығу үшін Ларри Саммерс, Эндрю ханзада, Терье Рёд-Ларсен секілді белгілі тұлғаларды пайдаланған. Мәселен, Эпштейннің АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі, Harvard университетінің президенті Ларри Саммерске жазған бір хаты ерекше көзге түседі. Онда Қайрат Келімбетов туралы сөз болады.

«Қайрат сені, Джули жолдаған хатқа сүйенсек, жиырмасында қабылдайды. Жолға ұзақ уақыт кетеді, бірақ кездесу соған татиды», – деп жазған Эпштейн.

Эпштейн файлдары
Эпштейн америкалық шенеунікке Қайрат Келімбетовпен кездесуді сұраған / justice.gov сайтында жарияланған EFTA00985418 нөмірлі файл

Бұл хат 2014 жылғы 9 наурызда жазылған. Келімбетов ол кезде Қазақстан Ұлттық банкін басқарып жүрген. Америкалық шенеуніктің қазақ топ-менеджерімен кездескен-кездеспегені белгісіз.

Айта кетейік, файлдар арасында International Peace Institute (IPI) пен Қазақстан Ұлттық Банкі арасындағы 2014 жылғы келісімі де жүр.

Эпштейннің Қазақстанға сапары

Қаржыгердің өзі де Қазақстанға келуді жоспарлағаны мәлім. Осы сапарға дайындық барысы бірнеше құпия файлда сипатталады.

2012 жылғы қазанда Эпштейн виза алу үшін Норвегия консулдығына жүгінген. Мәліметтерге қарағанда, кәсіпкер Қазақстанда алты күн болуды көздеген. Ол 15 қазанда Ослодан Қазақстанға ұшып келіп, 20 қазанда Норвегия астанасына қайтуды жоспарлаған.

Талқылауға 25 жыл бойы Эпштейннің адвокаты болған Даррен Индик те араласып, «Ол екі сапар арасында Қазақстанға бара ма? Хат қашан керек екенін білесің бе?» деп сұраған.

Эпштейн файлдары
Эпштейн 2012 жылы Қазақстанға келуді жоспарлаған / justice.gov сайтында жарияланған EFTA02158050 нөмірлі файлы

Америкалық кәсіпкерге виза алып беруге норвег дипломаты Терье Рёд-Ларсен көмектессе керек. 2012 жылғы наурызда дәл осы адам «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының топ-менеджерлеріне көз тіккенге ұқсайды.

«Сіз іздеген адам осы ма?» – деп сұрайды норвег дипломатынан Андреа Пфанцельтер есімді адам Өмірзақ Шөкеевке нұсқап.

Осы сауалдың астында «Самұрық-Қазына» төрағасы Шөкеев туралы мәлімет беріліп, шенеуніктің оған дейін экономика министрі, Астана әкімі, президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарғаны көрсетілген. Шөкеев 2011 жылғы 26 желтоқсанда Тимур Құлыбаевтың орнына келгені, президенттің күйеу баласы Жаңаөзендегі оқиғадан соң қызметтен алынғаны да жазылған.

Соған қарағанда, Эпштейн Қазақстанға сапары кезінде Мәсімов, Шөкеев секілді ықпалды адамдармен кездесуді көздеген болса керек.

Құсайыновпен кездесу

2015 жылы Саммерс пен Эпштейн алмасқан хаттарда, кездесулерде Қазақстан туралы талқыланған. Бұған қоса, америкалық экс-министр 2015 жылғы 7 маусымда жазылған тағы бір хатында Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Нұрлан Құсайыновпен кездескені жөнінде баяндаған.

«Құрметті Саммерс мырза, бүгін Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Алдағы қадамдар бойынша Сіздің кеңсеңізбен жұмыс істейміз», – деп жазған Ұлттық банк өкілі Саммерске.

Нұрлан Құсайынов жазған хат Эпштейн файлдарынан табылды / justice.gov сайтында жарияланған EFTA02499219 нөмірлі файл

Әлбетте, қаржы саласындағы топ-менеджерлердің өзара байланыс орнатуы қалыпты жағдай. Дегенмен мұнда Саммерстің қазақ қаржыгерінің хатын әрі қарай Эпштейнге жеткізгеніне назар аударған жөн. Құсайынов ол кезде Келімбетовтің орынбасары, ал бұған дейін Эпштейн Саммерске Қайратпен кездесуге кеңес бергені мәлім. Бұдан шығатын қорытынды: Эпштейн Қазақстан қаржыгерлерімен тығыз байланыс орнату үшін америкалық шенеунікті пайдаланған.

Қазір Құсайынов Astana International Exchange (AIX) биржасы директорлар кеңесінің мүшесі.

Құлыбаев және Эндрю ханзада

Ағылшын ханзадасы атышулы Эпштейнмен байланысы үшін бүкіл атағынан айрылып, ағылшын сарайынан да қуылды. Эндрюдің қазақ элитасымен, соның ішінде Құлыбаевпен байланысы туралы мәлімет баспасөзде көп жазылды. Мәселен, Назарбаевтың күйеу баласы 2007 жылы ағылшын ханзадасының Sunninghill Park сарайын 15 млн фунт стрелингке, нарықтағыдан 3 млн фунт стерлингке қымбатқа сатып алған.

Эпштейн файлдарында Құлыбаев пен Эндрюдің байланысы туралы мәлімет жарияланды. Апат айтқанда, 2010 жылғы сәуірде Bloomberg басылымында жарияланған мақаланы David Stern есімді азамат Эпштейнге жолдайды. Материалда Эндрюдің Қазақстанға сапары туралы баяндалған. Соған қарағанда, Эпштейн ханзада арқылы Құлыбаевқа, соның арқасында Назарбаевқа шығуды көздеген болса керек.

Эпштейн файлдары
Эпштейн файлдарында Қарашығанақ мұнай кен орны туралы да бар / justice.gov сайтында жарияланған EFTA00843652 нөмірлі файл

Қазыханов «визиткасы»

Құпия құжаттарда қазақ дипломаты Ержан Қазыхановтың vCard-ы, яғни виртуалды мағлұматы да жүр. Ол 2009-2011 жылдары Аустрияда, 2014-2017 жылдары Ұлыбританияда, ал 2017-2021 жылдары АҚШ-та елші болған. Қазір президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарады.

vCard-та әдетте қазақ дипломатының байланыс телефоны, тұратын жері көрсетіледі. Эпштейнге мұндай мәлімет не үшін қажет болғаны әзірге белгісіз.

Құпия құжаттар Джеффри Эпштейннің Қазақстан элитасымен тығыз байланыста болғанын анық көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын жарық көрген құжаттарда Рахат Әлиевтің есімі аталса, бұл жолы Кәрім Мәсімов, Өмірзақ Шөкеев, Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов, Нұрлан Құсайынов, Ержан Қазыханов және басқа да ірі лауазым өкілдерінің есімі аталды.

Бұған қоса, файлдарда есімі анық көрсетілмеген бір әйелдердің Қазақстанға сапары талқыланып, визаға қатысты хаттар кездеседі. Дегенмен қазақ шенеуніктері мен топ-менеджерлерінің Эпштейн ұйымдастырған зорлық-зомбылық қылмыстарға қатысы барын айғақтайтын мәліметтер табылмады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы АҚШ Конгресінің комитеті даулы іске қатысты 20 мыңнан астам құжат жариялаған. Онда Эпштейн лоббистер арқылы конгресмен Даррелл Иссаға ықпал етуге тырысқаны айтылады. Исса сонау 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғандардың бірі.

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн  жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен 2019 жылғы 6 шілдеде екінші мәрте ұсталды. Сотталушыға 45 жыл түрме жазасын тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.

Сондай-ақ оқыңыз