Астанаға перзентхана жетпей жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Жеңіс Қасымбек парақшасынан

Әкім Жеңіс Қасымбектің айтуынша, кейінгі 10 жылда Астанада босану көрсеткіші 35 пайызға өскен. Соның салдарынан перзентханаларға түсетін жүктеме артқан. Осы мәселені реттеу үшін қала билігі медицина нысандарын жаңартып, жаңасын салғалы жатыр.

«Осы мәселені шешу үшін қалада әрқайсысы 250 орынға арналған екі перинаталдық орталық салынатын болады. Алғашқы перинаталдық орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы жүріп жатыр, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Екінші перинаталдық орталық бойынша биыл жобалау жұмысын аяқтау, ал нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр», – дейді қала әкімі.

Әкімнің сөзінше, қалалық №2 аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмақ. Бұдан бөлек, Сарыарқа ауданында қалалық №3 аурухананың жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы алғанда елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жаңа нысанның құрылысы көзделген. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем станциялары бар.

Бұған дейін Астана қаласының мәслихаты отырысында әкім Жеңіс Қасымбек елорда халқы қалай өсіп жатқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз