Қаңтардағы ҰБТ: тексерушілер 244 адамды тестілеуден шеттетті

Қаңтар айындағы ҰБТ-ны 139 мың талапкер тапсырды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, талапкерлердің 76 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде және 86 адам ағылшын тілінде тапсырған. Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 328 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн. Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады», – делінген хабарламада.
ҰБТ-ны өткізген үш аптада 244 ереже бұзушылық анықталған. 152 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 92 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған. Олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 187 мыңға жуық өтініш келіп түсті.
Министрлік мәліметінше, бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 60,3 пайызы шекті балл жинаған.