Шымкентте аудандық полиция басқармасының басшысы 6 жылға сотталды

Шымкентте сот Тұран аудандық полиция басқармасының басшысы Нұржан Тілеуовті 6 жылға түрмеге жапты. Сотталушы сот үкімімен келіспейді. Оның қорғаушысы әрі әйелі бұл қолдан ұйымдастырылған арандатушылық деп бағалайды.
Сот үкімі
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 50 жастағы Нұржан Тілеуовті Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен кінәлі деп таныды. Оны 6 миллион теңге пара алды деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан әрі полковник шенінен айырды.
Нұржан Тілеуов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Оған шығарылған үкім күшіне енгенге дейінгі 1 күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелді.
Сот барысы
Судьяның сөзінше, Тілеуовтің кінәсі өзінің және жәбірленушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген жауаптарымен, куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу кезінде тіркелген құжаттармен дәлелденген.
«Сіз 10 млн теңге сұрағансыз. Бірақ жәбірленуші 6 млн теңге беретін болып келіскен»,- деді судья.

Бірақ жәбірленуші сот тергеуінде өзінің тергеу кезіндегі жауаптарынан бас тартқан. Соттан оны негізге алмауын сұраған және өзгеше жауап берген. Десе де, сот тергеу кезіндегі жауаптарды қалдырған.
Сотталушы тараптың уәжі
Сотталушы Нұржан Тілеуов сот үкімімен келіспейді. Оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы істі қолдан ұйымдастырылған арандату деп бағалайды. Оның айтуынша, мұны сот тергеуінде дәлелдеген. Жәбірленушінің өзі мойындаған. Бірақ судья оның бәрін ескерусіз қалдырған. Үкіммен келіспеген олар апелляциялық шағым түсірмекші.
«Күйеуім күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеді. Сенбі, жексенді үйде болмайтын. 32 жылын полиция қызметіне сарп етті. Бар абыройын қасықтап жинады. Соңғы 18 жыл оны қиын әрі қауіпті жерлерге бастық етті. Ол принципіне берік болды. Керекті жерде өз сөзін айтты. Сол үшін ұнамай қалды»,-деді сотталушының әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гауһар
Айта кетейік, Тілеуов 2025 жылдың тамыз айында ұсталған.