BTS k-pop тобының сахнаға оралуын Netflix тікелей эфирде көрсетеді

Жарияланды 3 Ақпан 2026 10:18

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
BTS k-pop тобының әншілері
Жеті жігіт концерттен бір күн бұрын жаңа альбомын таныстырады / фото: shutterstock

Оңтүстік Кореяның k-pop стиліндегі BTS тобы 21 наурызда сахнаға қайта оралады. Бүкіл әлемде миллиондаған жанкүйері (ARMY) бар әншілердің Сеулдегі үлкен концертін Netflix тікелей эфирде көрсетеді. Бұл туралы Kursiv.Media стриминг платформасы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Қашан және қайда?

«BTS THE COMEBACK LIVE | ARIRANG» деп аталатын айтулы оқиға 21 наурызда Астана уақытымен түскі сағат 16:00-де басталады. K-pop тобының концерті Сеул қаласындағы Gwanghwamun алаңында өтеді.

Үлкен шоуды көрсету құқығын Netflix сатып алды. Платформа тікелей эфирді барлық тариф түрлерінде таратады.

Концерттен бір күн бұрын, яғни 20 наурызда BTS тобының жаңа альбомы жарық көреді.

«Жанкүйерлер мен көрермендер RM, Jin, SUGA, j-hope, Jimin, V және Jung Kook-тің қайта қосылуын, олардың Сеулдегі «Кванхвамун» тарихи алаңындағы сахнаға бірге көтерілуінің куәсі болады. Жетеуі жақында жарық көретін ARIRANG бесінші альбомындағы әндерді, сонымен бірге басқа да хиттерді орындайды», – деп таратты Netflix.

Бұған қоса, стриминг қызметі осы топ туралы деректі фильм дайындап жатыр. «BTS: THE RETURN» деп аталатын бұл фильм 27 наурызда жарық көреді.

BTS-тің қайта қосылуы

K-pop стилін әлемге танытып, феноменге айналып үлгерген топ 2022 жылғы желтоқсанда шығармашылығын уақытша тоқтатты. Өйткені әнші жігіттер әскери қызметін өтеуге тиіс болды. Себебі Оңтүстік Кореяда ер азаматтардың бәрі армияға баруы керек. Әскери борышты өтеу 18 айға созылады.

Топтағы әншілердің бірі армияда жүрген уақытта қалғандары жеке шығармашылықпен айналысты.

Jin мен j-hope 2024 жылы, ал RM, V, Jimin және Jung Kook 2025 жылғы маусымның басында әскерден қайтты. Ең соңында – 2025 жылғы 21 маусымда SUGA да армиядан оралды.

RM мен V армиядан шығып, BTS-ке оралуға уәде берді / фото: REUTERS/Kim Hong-Ji T
2025 жылғы жазда RM мен V армиядан шығып, BTS-ке оралуға уәде берді / фото: REUTERS/Kim Hong-Ji T

Жеті жігіт қайта бас қосып, осы уақытқа дейін жаңа альбом дайындаумен айналысты. Соның нәтижесін миллиондаған жанкүйерге, яғни ARMY мүшелеріне наурыздағы ірі концертте ұсынады.

BTS тобы 2010 жылы құрылған. Кастинг үш жыл бойы жүрген. Топтың алғашқы альбомы 2013 жылы жарық көрген. Топ ол кезде Bangtan Sonyeondan («Оқ дарымайтын жігіттер») деп аталған. Кейін ағылшын тілінде Beyond The Scene («Сахна сыртында») , яғни BTS деген атпен бүкіл әлемге танылған.

Сондай-ақ оқыңыз