Атыраудағы жұмбақ өлім: күдіктінің бес баласы балалар үйіне жіберілді

Атырау облысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған ерлі-зайыптының немерелері мемлекет қамқорлығына алынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Істің мән-жайы
Атырау облысы Қызылқоға ауданында бүтін бір отбасы жоғалып кетті. Ақпарат тарағаннан кейін, араға бірнеше күн салып Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды.
Отбасының ұл-қыздарынан әлі күнге дейін хабар жоқ.
Үйдің кенжесі Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланған. Екеуінің бес баласы бар.
Бес баланың тағдыры
Атырау облысы білім басқармасының хабарлауынша, 2 ақпанда полициядан балаларға қатысты шұғыл шара қабылдау жөніндегі ұсыныс хат түскен. Хатта күдіктінің кәмелет жасына толмаған 5 баласын қауіпсіз жерге, яғни мемлекет қорғауына алу көрсетілген.
Содан кейін Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен үш бала уақытша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Үш және бір жастағы екі бала денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған балалар үйіне жіберілді.
«Қазір балалардың жағдайы бақылауда. Олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органдар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады басқарма.
Айта кетейік, істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған.