Түркістанда қыз алып қашу заңға қайшы екенін түсіндіріп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
қызға қырындау алып қашу
фото: shutterstock

Түркістан облысында сталкинг пен қыз алып қашудың заңға қайшы әрекет екенін түсіндіріп жатыр. Кейінгі уақыттта өңірде еркінен тыс алып қашу, жас келінді зорлау, бойжеткенді аңду, өлтіру оқиғалары жиілеп кетті.

Қыз алып қашқандар сотталады

«Қазіргі қоғамда адам құқықтары мен жеке бостандықтарына қол сұғатын әрекеттердің бірі – сталкинг пен қыз алып қашу. Бұл соңғы жылдары қоғамда кеңінен талқыланып, алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі», – дейді Түркістан облысы полициясы Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Жарқынбек.

Полиция өкілі сейсенбі күні өзекті тақырып бойынша брифинг өткізіп, осы саладағы жұмыс туралы есеп берді.

«Облыс көлемінде алып қашудың құрбаны болғаны қыздарға қолдау көрсету және аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында кең көлемді жұмыс атқарылып жатыр».

Аға инспектор адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға, оны аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттер үшін 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салатынын ескертті. Не болмаса, тәртіп бұзғандар 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамалады.

«Заңнамаға сәйкес, қыз алып қашқандар 2 жылға дейін бас бостандығын айрылуы немесе 2 000 АЕК (8 650 000 теңге) дейін айыппұл арқалауы мүмкін», – дейді полиция өкілі

Түркістандағы ахуал

Қазір Шымкент қаласында 17 жастағы қыздың «еркімнен тыс алып қашып, зорлады» деген шағымын полиция қарап жатыр. Осы оқиға баспасөзде көп жазылып, әлеуметтік желілерде талқыланды. Бойжеткенді былтыр қарашада тісін емдетіп, үйіне бара жатқан уақытта 25 жастағы жігіт достарымен бірге алып қашқан. Жәбірленуші арада төрт күн өткенде мәжбүрлеп жыныстық қатынасқа түсірді дейді.

Қаңтардың аяғында Түркістанның 18 жастағы тұрғынының арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Жыл басында Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың тағдыры көпшілікті бейжай қалдырмады. Марқұмның туыстарының айтуынша, 21 жастағы қызды былтыр қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Алайда әлгі жігіт студент қызды аңдуды, қорқытып-үркітуді тоқтатпай, ақыры пышақтап кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз