Конституция жобасы жарияланғаннан кейін халықтан төрт мың ұсыныс түскен

Конституция жобасының мәтіні жарияланғаннан кейін халықтан төрт мың хат түскен. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.
Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Жандос Шаймардановтың айтуынша, жоба мәтіні жарияланғаннан кейін қазақстандықтар өтініштер мен ұсыныстарын eOtinish арқылы жолдай бастаған. Қазірге дейін оның саны төрт мыңнан асты. Халықтан әлі де хат түсіп жатыр.
«Қазақстандықтар жүргізіліп жатқан реформаны конструктивті әрі оң қабылдап отыр. Талқылау барысында қоғамның Ата заңға деген көзқарасы өзгеріп келе жатқаны байқалады. Азаматтардың едәуір бөлігі Конституцияны тек билік органдарының өкілетін айқындайтын құқықтық құжат ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін мәтін ретінде қабылдай бастады», – дейді Шаймарданов.
Маман халықтан келіп түскен сұрақтарға да тоқталды.
«Қоғам билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікке қатысты сұрақтар көтерді. Қоғам өз билігін саяси билікке табыстағандықтан, президент, құрылтай, халық кеңесі арасындағы өкілет бөлінісі қандай болады деген сұрақ та кездеседі. Сондай-ақ бірқатар азамат мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселеге назар аударған. Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын айта кету керек», – дейді ол.
Айта кетейік, Конституцияның толық мәтіні мен жоба мазмұнымен мына жерде толық танысуға болады.