Мақсат Толықбай тіл мәртебесі туралы: Байбалам салып, ұрандатудың қажеті жоқ (видео)

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай елде қазақ тілінде сөйлейтін орта үлесі әлдеқайда көбейді деп есептейді. Дегенмен ол Конституция жобасында тіл мәртебесі туралы бапты өзгертуді қолдамайды.
Тіл – қазақтың жаны
Парламенттің төменгі палатасының сәрсенбідегі жалпы отырысы қарсаңында журналистермен сөйлескен Мақсат Толықбай тілге қатысты пікір айтты.
«Қоғамда талқылануы керек. Өйткені тіл – қазақтың жаны. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айқын жазылған», – дейді Толықбай.
Оның пікірінше, тіл мәселесін көтеру орынды, өйткені қазақ тілінде сөйлейтін орта үлесі 80%-ға жақындап қалды.
«Қазақ фильмдері касса жинап жатыр. Youtube-те миллиондаған аудитория жинап жатқан да қазақ тіліндегі подкастар. Қазақ әншілері стадионда ондаған мың көрермен жинап жүр. Қазақ тілінде ҰБТ тапсырып жатқандар саны да 70%-дан асты», – деп түсіндірді қазақ тіліндегі орта ықпалының артып келе жатқанын депутат.
Депутат жік салмауға үндеді
Бұл ретте Толықбай қалған 20%-ды қайтеміз деген сауал тастады. Депутат тілді сылтау етіп, қоғамға жік салмауға үндеді.
«Тіл – біріктіруші факторға айналуы керек. Қазіргі жағдайда жік салмауы қажет. Құр байбайламмен шешілетін мәселе емес», – деп есептейді саясатта жүрген журналист.
Депутат күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, тілге қатысты ұрандатудың қажеті жоқ деп есептейді.
«Бізге айла керек. Ұрда-жық ұранға жол жоқ. Екінші, үшінші тармақ (Конституцияда) әзірге тұра берсін. Өзімізге жақсы. Ертең «біздің құқымыз бұзылып жатыр» деп шағымданса, Конституцияда тұр ғой, құқық бұзылмады деп айтамыз. Бір күні өзінен өзі тот басып түсіп қалатын жағдайға жеткізуіміз керек қой. Ұрандатудың қажеті жоқ», – деп түйіндеді ойын Толықбай.
Қазақстанда жаңа Конституция жобасын әзірлей бастаған уақытта, елдегі белсенділер, әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылар құжатта тіл мәртебесіне қатысты бапты өзгертуді сұрады. Алайда баспасөзде жарияланған Ата заң жобасында қазақ тілі – мемлекеттік, ал орыс тілі – мемлекеттік органдарда қазақ тілімен қатар қолданылатыны туралы мәртебеге ие екені туралы бап өзгеріссіз қалды.