Түлкібаста ерлі-зайыптылар уланып, бірі қайтыс болды

Түркістан облысы Түлкібас ауданында жеке тұрғын үйде ерлі-зайыптылар иіс тиіп, күйеуі қайтыс болды. Әйелі ауыр жағдайда аудандық ауруханаға жеткізілген.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, үйді көмір жағып жылытқан. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған, пештің мұржасы тазаланбаған.
«1 ақпан күні сағат 07:51-де жеке тұрған үйде қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту пешін пайдалану талаптарының бұзылуы, нақтырақ айтқанда түтін мұржасының тазаланбауынан көмірқышқыл газымен улану дерегі тілкелді», – делінген департамент хабарламасында.
Ерлі-зайыптылар бұл үйді жалдап тұрған. Екеуі де жалданып жұмыс істеген.
Ресми мәліметке қарағанда, әйелдің жағдайы қалыпты, туыстары ауруханадан алып кеткен.
Бұдан бұрын Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында бір отбасының үш адамы иіс тиіп, қайтыс болған еді. Қайтыс болғандардың екеуі – бала.