Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Келіссөздер кезінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту перспективалары талқыланды. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы серіктестікті тереңдету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздер алдында Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.