Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздер басталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Келіссөздер екі күнге созылады деп күтіліп отыр / фото: shutterstock
Келіссөздер екі күнге созылады деп күтіліп отыр / фото: shutterstock

Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздердің алдыңғы раунды 23–24 қаңтар күндері өткен болатын.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі жақсы жүріп жатыр.

РБК ақпаратына қарағанда, Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі басталды. Келіссөздер екі күнге созылады деп күтіліп отыр.

Бастапқыда делегациялар 1 ақпан, жексенбі күні кездесуі тиіс болған. Алайда Кремль кездесудің кейінге шегерілуін «үш тараптың жұмыс кестелерін үйлестіру қажеттілігімен» түсіндірді.

Екінші раундта Ресей делегациясын Бас штабтың бас басқармасының бастығы, адмирал Игорь Костюков басқарады.

2 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздер тобының құрамымен кеңес өткізді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздер бастапқыда Ресей мен Украина арасында екіжақты форматта өтеді деп жоспарланғанын айтқан. Келіссөздерге Вашингтон атынан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатыспақ.

Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі өте жақсы жүріп жатқанын мәлімдеді. Зеленский Украина «нақты қадамдарға» дайын екенін айтты.

«Біз лайықты әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге болады деп есептейміз», – деді ол.

Ресей президенті Владимир Путин Донбасты Ресейдің «тарихи аумағы» деп атап, оны әскери немесе өзге жолмен қайтаратынын айтқан. Ал Киев аумақтық талаптарға қатысты қандай да бір ымыраға келуден үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Мұның алдында Трамп Украинадағы соғысты тоқтату бойынша Ресей мен АҚШ арасындағы жаңа келіссөздер кезеңін жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз