Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимараты 61,5 млрд теңгеге сатылады

Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан Kaisar Plaza сауда және кеңсе орталығы 61,5 млрд теңгеге сатылып жатыр. Ғимаратты кезінде Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған.
«Қайсар Плаза» Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Орталықты аукционға «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қойды. Лот мемлекеттік электронды сауда алаңы – sauda.e-qazyna.kz порталында жарияланды.

Аукционға шығарылған ғимарат ауданы шамамен 64 мың шаршы метр. Саудаға қатысу үшін 9,2 млрд теңге кепілпұл төлеу қажет. Аукцион 7 сәуірде өтуі тиіс.
Қайрат Сатыбалды бизнес орталықты мемлекет меншігіне 2024 жылғы жазда өткізген. Сол кезде үкімет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мемлекетке 1,6 млрд доллар қайтарғанын жариялаған.