Қазақстанның бес өңіріне су тасқыны қаупі төніп тұр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны қаупі төніп тұр. Осыған орай Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынына дайындық бойынша жиын өткізді. Ол әкімдіктерге тасқынға қарсы шараларды күшейтуді және барлық жұмыстарды 1 наурызға дейін аяқтауды тапсырыды.

Вице-премьер су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығын тексерді. Бұдан бөлек, «Talsim» жүйесінің болжамдық деректерімен және «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты.

Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін баса айтты.

«Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Өткен күзде толассыз жауған жаңбыр бірқатар өңірде жер бетінде мұз қыртысының түзілуіне әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Осыған байланысты түрлі жағдайға дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Бұл, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне қатысты, өйткені ол өңірлерде бірқатар мәселе бар, ал олардың кейбірі бойынша шешім әлі күнге дейін қабылданбаған»,–  деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биылғы көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты өңірлердегі су тасқыны қаупіне алдын ала баға берілді.

Сондай-ақ оқыңыз