Еуропа мен Ресей арасында ғарышта гибридті соғыс жүріп жатыр

Еуропа мен Ресей арасында ғарышта гибридті соғыс жүріп жатыр. Ресей жерсеріктері еуропалық жерсеріктердің байланысын ұстаған.
«Луч-1» және «Луч-2» жерсеріктері радиоэлектрондық барлау жүргізу үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы батыс елдерінің әскери және барлау қызметтеріне сілтеме жасай отырып, Financial Times жазды.
Олардың бағалауынша, бұл аппараттар бірнеше жыл бойы геостационарлық орбитада күмән тудыратын маневрлер жасаған. Еуропа, Ұлыбритания, сондай-ақ Африка мен Таяу Шығыс өңірлеріне қызмет көрсететін маңызды еуропалық спутниктерге қауіп төндіретіндей жақындаған.
2023 жылы ұшырылғаннан бері «Луч-2» кем дегенде 17 рет еуропалық жерсеріктерге тым жақын барып, кей жағдайда олардың жанында апталап тұрған.
Барлау мәліметтеріне сәйкес, мұндай жақындасулардың мақсаты – Жер мен спутниктер арасындағы сигнал ағынына, әсіресе қорғалмаған басқару арналары қолданылатын жүйелерге қол жеткізу.
Теориялық тұрғыда бұл деректерді ұстап қалуға, жалған басқару командаларын жіберуге, аппараттардың орбитасын өзгертуге, оларды істен шығаруға немесе кейіннен сигналдарды тұншықтыру мен Жерден жасалатын кибершабуылдарға қажет ақпарат жинауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Айта кететін жайт, Қазақстан спутник шығарып, шетелге экспорттамақ.