Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты күдікке ілінген азаматтың ісіне қатысты баптың бірі қатаңдады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісовтің хабарлауынша, күдіктінің әрекеті қайта сараланған.
«Іс 2-бөлімнің 5-тармағына яғни «Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» қайта жіктелді», – деді ол.
Осы баптың санкциясы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны, не мүлікті тәркілеу немесе онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Осылайша, қазіргі уақытта қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша қаралуда:
- 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – «ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру»;
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1 — бап – «Сталкинг».
Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ арада екі күн өткенде ұсталды.
Күдікті 2025 жылдың қазанында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан, оған қыз да, отбасы да көнбеген. Осы жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жоламайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген.
ІІМ кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді бақылауға алды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.