Қазақстан 2027 жылға қарай электр энергиясын еш елден сатып алмайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Электр энергиясы өндірісі артады / Фото: shutterstock.com

Қазақстан 2027 жылға қарай өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтымақ. Үкімет жоспарына сәйкес, 2029 жылға қарай тіпті артығымен өндірмек. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министр Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар экономиканың электр энергиясына деген сұранысын ортамерзімді кезеңде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басым бағыттар

Бұл ретте басымдық экологиялық талаптарға сай таза көмір технологияларына беріліп отыр. Жоспар аясында Курчатов қаласында жаңа электр стансасын салу және Екібастұзда МАЭС-3 құрылысын жүргізу көзделген.

Сонымен қатар қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қатар атқарылуда. 2026 жылы 2,6 мың МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосу күтіледі. Барлық шаралар ұлттық энергожүйенің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Энергия көздерінің үлесі

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жалпы белгіленген электр қуаты 26,7 ГВт-қа жетіп, бір жылда 1,4 ГВт-қа артты. Генерацияның негізгі бөлігін дәстүрлі энергия көздері құрайды.

Қолданыстағы құрылымда көмір электр стансаларының үлесі 13,8 ГВт болса, газбен жұмыс істейтін стансалар 6,8 ГВт-ты құрайды. Ірі гидроэлектр стансаларының қуаты 2,5 ГВт деңгейінде, ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,6 ГВт-қа жеткен.

Мұндай құрылым энергожүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, энергия көздерін кезең-кезеңімен әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар энергетика саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспары аясында 26 ГВт-тан астам жаңа генерация қуатын іске қосу көзделген. Бұл өсім бірнеше бағыт есебінен қамтамасыз етіледі: қолданыстағы стансаларды жаңарту және кеңейту арқылы – 5 ГВт, жаңа дәстүрлі генерация салу арқылы – 10,5 ГВт, жаңартылатын энергия көздері жобалары арқылы – 8,4 ГВт және атом электр стансасын салу есебінен – 2,4 ГВт.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан электр энергиясын ешкімнен сатып алмау керек деген міндет қойған.

Сондай-ақ оқыңыз