Елде қызылша жұқтырғандардың 80%-ы вакцина салмаған

Елде қызылша жұқтырғандар көбейіп, эпидемиологиялық ахуал күрделі болып тұр деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Мамандардың дерегінше, қазір ауру кең таралып жатыр және оны тоқтату да қиын болып тұр. Себеп – көпшілік науқастар жаппай вакцинадан бас тартқан.
Осы жыл басынан бері 2000-ға жуық адам (1951) қызылша жұқтырған. Ең көп жағдай Астана (581), Жамбыл облысында (339), Алматы (317) және Алматы облысында (146) тіркелген.
Науқастардың 79 пайызы мүлде вакцина алмаған, 8,4 пайызы екпенің толық курсын алмаған. Тағы 10 пайызының иммундық мәртебесі белгісіз. Әсіресе, екпе алмаған балалардың жартысынан көбіне (59%) ата-анасы вакцина алуға рұқсат бермеген.
Дәрігерлер қызылша жұқпалы, вирустық ауру деп ескертеді. Егер вакцина салынбаса, науқаста пневмония болып, есту қабілеті төмендеп, энцефалит секілді ауруға ұласуы мүмкін. Соңы тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Әсіресе, жас балалар, екпе алмаған ересектер, жүкті әйелдер үшін өте қауіпті.
Қаңтар соңында қызылша Астана, Атырау және Щучинскте қатты өршіді. Ақмола облысында әскери оқу орындарында таралып кеткен.