«Мақтаныш емес»: депутат Астанада ең үлкен шіркеуді салуға қарсы шықты

Астана қаласының мәслихаты депутаты Бауыржан Смаилов шаһардың кіреберісіне Орталық Азиядағы ең ірі шіркеуді салуға қарсылық білдірді. Ол бұл құрылысты «мақтанатын жағдай емес» деп атады.
Қалалық мәслихат отырысында құрылыс мәселелері талқыланған.
«Орталық Азияда ең үлкен шіркеу салмақсыздар. Сол шіркеудің салынуына кім қаражат бөліп жатыр. Ондай шіркеу бізге қажет пе? Сол жағын талдадық па? Бізде бірнеше шіркеу бар. Үлкені де, кішісі де бар. Қаланың кіреберісіне Орталық Азиядағы шіркеу салу деген мақтанатын жағдай емес. Осыған не дейсіз?» – деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков жоспар баяғыда бекітіліп кеткенін мәлім етті.
«Ол бас жоспар бойынша қарастырылған. Бюджет қаражаты мешіт салынса да, шіркеу салынса да бөлінбейтінін білесіздер. Бұл қайырымдылықтан келетін қаржы. Оның салынатыны жоспарда 2018-2019 жылдары бекітіліп кеткен», – дейді ол.
Осы мәселе бойынша әкім кейін қосымша ақпарат беретінін мәлім етті.