Қазақстандық миллионер Пәкістанмен бірлесіп 20 млн долларға зауыт салады

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
KazFoodProducts Жетісу облысында зауыт салады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Серікжан Қобланбаев

Миллионер кәсіпкер Ерлан Баймұратовқа тиесілі KazFoodProducts компаниясы пәкістандық Almoiz Group-пен бірлесіп Жетісу облысында қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаға 20 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл туралы Kazakh Invest президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға сапарының қорытындысы бойынша хабарлады.

Хабарламаға сәйкес, өнеркәсіп саласында Жетісу облысында қант өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасалған. Сонымен қатар Кusto Group пен QazTrade арасында 20 млн доллар сомасына құрылыс материалдары өндірісін дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.

KazFoodProducts – ірі агрохолдинг. Оның негізгі иесі Ерлан Баймұратов «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы мен «АзияАгроФуд» компаниясындағы бақылаушы үлеске ие. Forbes нұсқасы бойынша, ол Қазақстанның ең бай 75 адамының тізімінде 68-орында тұр, байлығы 108 млн доллар деп бағаланған.

Кәсіпкердің EMC Agro, Bioline KZ, BioOperations (биоэтанол, бидай клейковинасы, крахмал, ұн және мал азығын өндіретін зауыт) және Алматы облысындағы сүт өндіретін «ТастөбеАгроФуд» компанияларында да үлесі бар.

KazFoodProducts компаниясының ортақ иелері қатарында Samal Invest Group, OSV Capital, Ерлан Баймұратов, Әлия Балапановa және БТА Банктің бұрынғы басқарма төрағасы Ерік Балапанов көрсетілген.

Samal Invest Group-тың тең иелері ретінде OSV Capital, Айдархан Сәрсембаев, Тимур Садыков және Ерік Балапанов аталады. Ал OSV Capital құрылтайшылары – Ақбар Талғатбек пен Алдияр Талғатбек. Бұл өзара байланысты үш компанияның барлығы Алматы қаласының Медеу ауданында бір мекенжайда тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз