Миллионер Еркін Тәтішев құрылыс материалдарын өндіруге кіріседі

Миллионер Еркін Тәтішевке тиесілі Kusto Group компаниясы құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашпақшы. Оның құны 20 млн доллар болады деп хабарлайды Kazakh Invest компаниясы.
Жобаның мән-жайы
«Сондай-ақ Kusto Group пен QazTrade арасында құрылыс материалдары өндірісін дамытуға бағытталған, жалпы құны 20 миллион долларды құрайтын меморандумға қол қойылды», – деп жазылған хабарламада.
Әзірге құрылыс материалдарын өндіретін компания қай жерде орналасатыны белгісіз.
Еске салайық, былтыр Kusto Logistics компаниясы Алматы облысында құны 28 млрд теңге болатын логистикалық орталық ашуды жоспарлаған. Бұл туралы сол кезде өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев айтқан. Kusto Logistics сол Kusto Group компаниясына тиесілі.
Еркін Тәтішев компаниясы немен айналысады?
Компанияның мажоритарлық акционері – Еркін Тәтішев. Forbes-тың ең дәулетті қазақстандықтар тізімінде 368 млн доллар байлығымен, 30-орында тұр.
Қазақстанда, Сингапур, Канада, Вьетнам, Израиль, Украина, Италия және Өзбекстанда девелопмент, агробизнес, құрылыс, мұнай-газ саудасы тәрізді салаларда жұмыс істейді.
Компанияның тағы бір акционері – Қанат Көпбаев. Ол ең дәулетті қазақстандықтар тізімінде 184 млн доллар байлығымен 52-орында тұр.
Былтыр Алматыда өткен аукционда Еркін Тәтішев Дінмұхамед Қонаевтың галстугін 12 млн теңгеге сатып алған.