«Өмірім құжатсыз өтті»: Шымкентте 54 адам совет паспортымен жүр

Жарияланды
Фото: Gov.kz

Шымкентте өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында құжатсыз жүрген жүзге жуық адам бар. Олардың 54-і совет заманындағы «қызыл паспортпен» қалған.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған 70 жастағы Қарлығаш Мұхамедиярованың орталықта өмір сүріп жатқанына жарты жылдан асқан. Оның қолында жеке басын куәландыратын бірде-бір құжаты жоқ. Соның кесірінен зейнетақы, не мүгедектігі бойынша жәрдемақыдан қағылып отыр. Айтуынша, «қызыл паспорттан» кейін жеке куәлік алмаған. Бұған дейін әр жерде жалдамалы жұмыс істеген.

«Өмірім құжатсыз өтіп кетті. Соңғы рет үй тазалаушы болдым. Қазір жұмысқа жарамаймын. Аяғым ақсақ. Жүріп-тұруым қиын. Күнкөру үшін зейнетақы керек», – дейді ол.

Орталық директоры Ержан Әлжановтың сөзінше, орталықта 155 адам паналайды. Олардың жүзге жуығының жеке куәлігі жоқ. Құжатсыздардың 54-і «қызыл паспортпен» қалған. Дәл қазір 4 адамның құжаты қайта рәсімделген. 2025 жылы 15 адамның куәлігін алуға көмек берілген.

«Орталықта қызмет алушылардың басым бөлігі тұрғылықты жері жоқ, құжаты жоқ, әлеуметтік көмекке өте мұқтаж адамдар. Олардың басым бөлігі аты-жөнін жаза алмайды, тіпті дұрыс айта алмайды. Медициналық және құқықтық көмекке өте зәру», – дейді Әлжанов.

Әлжанов көмекке жүгінгендердің ішінде шетел азаматтары да бар екенін айтады. Мысалы, 2025 жылы құжаттандыру кезінде 4 адам Ресей азаматы, 2 адам Өзбекстан азаматы екені анықталған. Елшілік пен көші-қон полициясының араласуымен олар елдеріне қайтарылған.

«Оларды құжаттардыру процесінде бірқатар қиындықтар туады Мысалы, тұрақты тіркеуге қойылмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Оған мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Ал өздерінің ақшасы жоқ. Не жұмысы жоқ. Жалпы бірінші кезекте құжаттардың түпнұсқасын іздейміз. Кейде жауап 3 айда келеді. Кейде 6 айға созылуы мүмкін, – дейді Әлжанов.

Сондай-ақ оқыңыз