«Жақсы ойластырылған» – Тоқаев Газа секторындағы бейбіт жоспар туралы

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Ақорда

Пәкістанға мемлекеттік сапары кезінде президент Тоқаев The News International газетіне сұхбат берді. Ол Газа секторындағы жағдай, Ресей-Украина қақтығысы мен Гренландия дауына қатысты пікір білдірді.

Газа секторындағы бейбітшілік жоспары жүзеге аса ма?

Пәкістан тілшісі Тоқаевқа Газа секторындағы бейбітшілік жоспарының болашағы жайлы сұрақ қойды. Президент сөзінше, АҚШ-тың бұл өңірге қатысты идеясы – «өте өршіл бастама».

«Арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер ұсынған жоспар жақсы ойластырылған. Меніңше, бұл аса өршіл бастама болғанымен, оны орындауға әбден болады. Жоспардың кейбір аспектілері бейбітшілік пен өсіп-өркендеуге берік негіз қалайтын даму жобасына ұқсайды. Алайда, қос халыққа арналған екі мемлекет құруға саяси ерік-жігер болмаса, қандай да бір жоспардың түбегейлі іске аса қоюы неғайбыл», – деп атап өтті ол.

Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы дауды араағайын бола ма?

Президент Ресей мен Украина арасындағы соғысқа да пікір білдірді. Бұл мәселеде Қазақстан араағайын болуға ұмтылмайды деп ерекше атап өтті.

«Расында, жағдай аса күрделі. Бұл жердегі ең басты мәселе – территориялық талас екенін түсінеміз. Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді. Қазіргі жағдайда бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы – қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөзге келістіру. Бұған кәміл сенеміз. Қазақстан араағайын рөлін атқаруға ұмтылмайды. Алайда еліміз келіссөздерге бейтарап алаң ұсынып, жан-жақты көмектесуге дайын», – деді Тоқаев.

Гренландия мәселесінде Астананың көзқарасы қандай?

Пәкістан журналисті Гренландия аумағындағы ахуал жайын да сұрады. Гренландия аумағына әскери оккупация жасалуы мүмкін бе деді ол Тоқаевқа. Президент мәселені жерді жалға алу арқылы шешуге болады деген пікірін айтты.

«Мәселен, Америка Құрама Штаттары мен Данияға Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасауға болар еді. Бұл мәмілеге сәйкес, Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, сәйкесінше, оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүдделерге сай келеді», – дейді ол.

 Еске салайық, 4 ақпанда Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барып, ел премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Сапар аясында екі ел арасында 200 млн долларлық келісімге қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз