Ата заң жобасы: орысша нұсқадағы тармақтардың бірінде қате кеткен

Конституция жобасының орыс тіліндегі нұсқасында техникалық қате кеткен. Соған байланысты 18-бапқа қатысты заңгерлерден бірқатар ұсыныс түскен. Бұл туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында айтты.
Сөзінше, 18-баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген.
«Бұл – дұрыс мәтін. Дегенмен орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кей маман сот шешімінсіз күдіктіні мүлде ұстауға болмайды деп түсінуі мүмкін. Қалыптасқан сот тергеу тәжірибесі қиындыққа тірелуі мүмкін деген де пікір бар.
Мәтін мазмұнына қарасақ, расында да солай. Кісі өлтіру, басқа да қылмыстар кезінде кідіруге болмайды. Күдіктіні ұстау құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндетінің бірі. Содан кейін ғана күдіктіні күзетпен қамау туралы шешімді сот қабылдайды», – дейді Өмірәлиев.
Осыған байланысты Өмірәлиев заңда екіұштылық болмауы керек екенін айтып, осы норманы техникалық жағынан қайта қарауды ұсынды.