Жамбыл облысында 95 келіден астам марихуанамен ұсталған тұрғын сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тексеру барысында 50 жастағы тұрғыннан 95 келіден астам кептірілмеген марихуана тәркіленді / фото: Polisia.kz
Тексеру барысында 50 жастағы тұрғыннан 95 келіден астам кептірілмеген марихуана тәркіленді / фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында 95 келіден астам марихуанамен ұсталған тұрғын 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Polisia.kz ақпаратына қарағанда, өткен жылдың маусым айында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері аса ірі мөлшердегі есірткінің заңсыз айналымын тоқтатты.

Меркі ауданына қарасты Қарасу елді мекеніндегі күзетілмейтін теміржол өткелінің маңында көлік полицейлері Жамбыл облысының 50 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 95 келіден астам кептірілмеген марихуана тәркіленді.

Тергеу барысында ер адам жабайы түрде өсетін құрамында есірткі бар өсімдікті әдейі жинап, оны кейіннен өткізу мақсатында дайындағаны анықталды.

Аталған дерек бойынша өткізу мақсатында есірткі құралдарын заңсыз сақтау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Меркі аудандық сотының үкімімен қылмыс жасаған азамат кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Көліктегі ПД есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес қызметтің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін және жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Айта кететін жайт, есірткі сатқаны үшін жеті жылға сотталған Орал тұрғыны қамаудан босатылды. Бұған тергеу әрекеттеріндегі заң бұзушылықтар себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз