2029 жылы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындары өтетін қала болып ресми түрде бекітілді. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлады.
Тиісті келісімге Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
Комитет мәліметінше, Алматыда спорттық және қала инфрақұрылымы толық қалыптасқан. Соның арқасында қала ауқымды қосымша құрылыссыз-ақ халықаралық жарысты өткізе алады.
Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибе Азия ойындарын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.
2029 жылғы қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел спорты үшін маңызды оқиға саналады. Бұл бастама олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қосымша серпін бермек.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де ірі спорттық жарыстарды қабылдаған. 2011 жылы елде қысқы Азия ойындары өтсе, 2017 жылы Алматыда Дүниежүзілік қысқы Универсиада ұйымдастырылған.
Бұған дейін Сауд Арабиясы ірі спорт жарысына дайындалып үлгермейтіні хабарланған. Осылайша Алматы екінші мәрте Қысқы Азия ойындарының астанасы атанады