Балиде ресейлік блогермен төбелескен Гүлсезім Алтайбековаға үкім шықты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: aif.ru

Қазақстандық топ-модель Гүлсезім Алтайбекова жәбірленушіге өтемақы төлеумен қатар, бір ай бойы бас бостандығынан айырылды.

Ақпаратты Гүлсезім Алтайбековамен жанжалдасқан ресейлік блогер Карина Фадеева әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол осы жағдай «бәріне сабақ болар деген үміттемін» деген сипатта жазба қалдырған.

Индонезия билігі Бали аралындағы барлардың бірінде болған оқиғаға байланысты тексеру басталғанын бұған дейін жазған едік.

Аif.ru басылымының жазуынша, оқиға 10 қаңтарға қараған түні Бадунг ауданында болған. Фадеева достарымен бірге барлардың бірінде жарақат алған. Полиция күдіктіні ұстаған. Ол – 2022 жылғы «ТМД аруы» байқауына Қазақстан атынан қатысқан, бірнеше жыл бұрын Балиге қоныс аударған топ-модель Гүлсезім Алтайбекова.

Фадееваның айтуынша, Алтайбекова сүйіктісі Вячеславты блогер қыздан қызғанып, оған ауыр темір шамды лақтырған. Оқиғадан кейін жұп бардан кетіп қалған. Әлеуметтік желіде ресейлік блогер қыз тек шабуыл жасаған адаммен ғана емес, сондай-ақ оқиға кезінде полиция шақырмаған және бейнебақылау жазбаларын ұзақ уақыт беруден бас тартқан бар басшылығымен де соттасуға ниетті екенін айтқан.

Желіде жанжалға басқа жағдай себеп болғаны жазылды. Ол нұсқа бойынша Фадеева Алтайбековадан украин тіліндегі әнді өшіруді талап еткен. Төбелес осыдан басталған. Әйтсе де, ресейлік блогер бұл нұсқаны жоққа шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз