90 мың адамды тартқан атышулы «Asar Baspana» пирамидасы ісі сотқа жолданды

Атышулы «Asar Baspana» қаржылық пирамидасының қызметіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Алматы қаласы прокуратурасы мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, қаржы пирамидасы ел аумағында тұтыну кооперативі ретінде әрекет еткен.
«Пирамида 2023 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық аумағында тұтыну кооперативі ретінде әрекет еткен. Қаржылық пирамида қызметіне 90 мыңнан астам азамат тартылған және олар 25 млрд теңгеден астам қаржы салған. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – делінген хабарламада.
Прокуратура мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкерлердің бақылауындағы шоттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ол ақша ұйымдастырушылардың жеке мақсаттарына жұмсалған. Сонымен қатар қаржы қозғалысы әдейі есепке алынбай, қылмыс іздерін жасыру әрекеттері анықталған.
Мұның алдында Asar Baspana қаржы пирамидасының басшыларынан 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша тәркіленгенін жазғанбыз.