Жамбыл облысында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкетті

Жамбыл облысы Сарысу ауданында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Жаңатас қаласында 6 ақпанда желдің екпіні 32 м/с-қа дейін жеткен.
Зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелмеген.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бірнеше нысанға зақым келген. Ішінде 1-шағын аудандағы №32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің; 3-шағын аудандағы №6 тұрғын үйдің; 4-шағын аудандағы №15 және №15 «а» тұрғын үйдің шатыры ұшып кеткен.
Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша сөнген.
«Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты», – деп хабарлады әкімдік.
Облыс әкімі жағдайды жеке бақылауына алған.
Айта кетейік, Жамбыл облысында қар аралас жаңбыр жауып жатыр.