Астана маңындағы полиция бекеттері не себепті әлі алынбады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Астананың кіреберістеріне қойылған полиция бекеттері екі жылға жуық үздіксіз қызмет атқарып келеді. ІІМ бұл бекеттер 2024 жылғы ШЫҰ саммиті мен халықаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақытша қойылғанын мәлімдеген еді. Дегенмен қазір сол уақыттағы 9 бекеттің алтауы тұрақты жұмыс істеуде. Жүргізушілер тарапынан олардың қашан алынатыны жайлы жиі сұрақтар туындайды. Осы орайда Kursiv.Media тілшісі ІІМ-ге сауал жолдап, бекеттердің не себепті алынбай тұрғанын анықтап көрді.

Ұрлықтан бастап, есірткіге дейін: полиция қандай қылмыстарды әшкереледі

ІІМ қауіпсіздікті күшейту үшін бастапқыда елорда маңында 9 уақытша бақылау бекетін іске қосты. Алайда бақылау бекеттерінің арқасында біршама қылмыстың беті ашылды.

«Жүргізілген талдау олардың тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда бекеттердің қызмет атқаруы кезінде іздеуде жүрген қылмыскерлерді, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау және жүктер мен жолаушыларды заңсыз тасымалдау, тыйым салынған заттарды тасымалдау, оның ішінде қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және психотропты заттар, суық қару, сондай-ақ ұрланған малдарды, бағалы металдарды, құжатсыз ет өнімдерін тасымалдау және т.б. көптеген заң бұзушылық фактілері анықталды», –  делінген ІІМ баспасөз қызметінің Kursiv.Media-ға берген жауабында.

Қандай полиция бекеттері жұмыс істеп тұр

Министрлік атқарылған тиімді жұмыстардың нәтижесін ескеріп, Астана периметрі бойынша уақытша жұмыс істеген 9 бекеттің алтауын тұрақты жұмыс істеуге көшірді.

ІІМ бұйрықтарына сәйкес, уақытша бекеттер «Шеп» полиция стационарлық бекеттері санатына ауыстырылып, патрульдік-бекеттік жасақ түрінде қызмет етеді.

Қазіргі уақытта тәулік бойы қызмет атқаратын бекеттер:

  • «Маралды»
  • «Оқжетпес»
  • «Тобыл»
  • «Қаражар»
  • «Өркен»
  • «Күйгенжар»

Бекеттердің міндеті

Жалпы полицияның «Шеп» стационарлық бекеттерінің негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардан құқық бұзушылықтар туралы өтініштер мен хабарламаларды қабылдап, азаматтарға көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар, карантин немесе қолайсыз ауа райы кезінде жедел іс-шаралар жүргізіп, қажет болған жағдайда көлік қозғалысын шектейді.

Полиция бекеттерінде анықталған қылмыстар статистикасы

Астана аумағында орналасқан 6 «Шеп» бекетінде:

  • 275 мыңнан астам автокөлік тексерілді
  • 54,5 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 1,1 мың автокөліктің тіркеу нөмірі алынды
  • 2,5 мыңнан астам тыйым салынған заттар, мал, ет өнімдері, суық қару және психотроптық заттар тәркіленді
  • 44 есірткі және психотроптық заттарды, 6 қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды заңсыз иемдену мен тасымалдау жолы кесілді
  • 1 құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарын заңсыз тасымалдау фактісі анықталды

Жалпы еліміздің аумағында 34 «Шеп» полиция стационарлық бекеттері қызмет атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз