Назарбаев дәуіріндегі жемқорлықты ресми Астана басты уәж ретінде қолданды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Назарбаев дәуіріндегі жемқорлықты Астана халықаралық сотта уәж ретінде пайдаланды
Назарбаев билеген замандағы қылмыс Лондондағы сотта сөз болды / ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресми Астана Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев билігі кезінде жасалған жемқорлық қылмыстарын Стокгольмдегі сотта басты уәж ретінде қолданды. Билік соның арқасында Батыс елдерінің ірі мұнай компанияларынан миллиардтаған доллар өндіріп алғысы келеді.

Мұнай дауы және миллиардтар

Батыстың Eni, Shell, Chevron секілді ірі мұнай компаниялары Қарашығанақ кен орнына қатысты істі қараған төрелік сот Қазақстаннан жеңілгені 2026 жылғы қаңтардың аяғында мәлім болды. Шикізат өндіруші алпауыт корпорациялар халықаралық сот шешіміне шағымдана алады.

Үкім күшінде қалса, олар қазақ үкіметіне 4 млрд долларға дейін өтемақы төлейді. Мұны елдің ішінара жеңісі деуге келеді. Өйткені Астана сот арқылы 6 млрд доллар өндіріп алғысы келген. Қазір Қашаған акционерлеріне қатысты дәл осыған ұқсас шағым қаралып жатыр. Бұл жолы үкімет 160 млрд доллар талап етіп отыр.

Астана мұнай саласындағы серіктестерін өнімді бөлу туралы келісім бойынша өтемақы төленбейтін шығындардың бір бөлігін негізсіз өтеді деп айыптап отыр. Сотқа шағым 2023 жылы түскен.

Қазақ шенеуніктері пара алған

Даулы істің кейбір тұсы енді ғана мәлім болып жатыр. Мәселен, шағымданушы тарап халықаралық сотта Қазақстанды Назарбаев басқарған жылдардағы жемқорлық қылмыстарын басты уәж ретінде алға тартқан. Осылайша ресми Астана қазақ шенеуніктерінің алпауыт мұнай компанияларынан пара алғанын мойындап отыр.

«Төрелік сот жазбаша шешімінде Қазақстанның 2022 жылға дейін «жемқорлық пен клептократия» жайлағанын мойындағаны айтылды», – деп жазды Reuters. Ақпарат агенттігі сот үкімін оқыған дереккөз мәліметіне сүйенген.

Соған қарағанда, ел мүддесін шетелде қорғаған заңгерлер Қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған Жаңа Қазақстанға дейінгі кезеңдегі пара алу қылмыстарын алға тартқан. 2022 жылы Назарбаев қана емес, оның туыстары мен бірқатар жақтастары да ықпалды қызметтерден шеттетілгенін Reuters те атап өтті.

Қарашығанақ Карачыганак мұнай газ кен орны
Қарашығанақ кен орнын Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» игереді / фото: REUTERS

Орындалмаған жұмысқа есеп берген

Дереккөздің айтуынша, Қарашығанақ кен орнындағы шығынды бекіту үшін қазақ шенеуніктеріне пара бергені Стокгольмдегі сотта сөз болған. Бұған қоса, Қазақстан адвокаттары сотта Италияда қаралған қылмыстық іс құжаттарын алға тартқан. Атап айтқанда, 2017 жылы италиялық бірнеше мердігер қазақ шенеуніктеріне пара бергенін мойындаған. Олар ақшаның көмегімен Қарашығанақ пен Қашаған жобасына кірген.

«Осы құжаттарда субмердігерлердің қазақ шенеуніктеріне асырып көрсетілген шығындарды бекіту үшін пара бергені, тіпті орындалмаған жұмысқа жалған шоттар көрсеткені айғақталған», – деп жазды Reuters.

Агенттік мәліметінше, Қазақстан Италия сотының құжаттарын Женевадағы жекелеген азаматтық істерде де пайдаланып жүр. Сол арқылы ресми Астана Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарын игеру барысында заңсыз алған ақшаларды қайтаруға тырысып жатыр. Мердігерлердің үстінен түскен шағымдармен Reuters танысып шыққан.

Назарбаев басқарған уақытта пара алған кім?

Ресми Астана қазақ шенеуніктерінің мұнай саласындағы жемқорлығын мойындағанымен, жекелеген адамдардың аты-жөнін атай бермейді. Ел мүддесін қорғаушылар сотта қолданған уәждерінде «қазақ шенеуніктері» деп жалпылама сипаттайды.

Италия сотының 2017 жылғы іс материалдарында пара алған қазақ шенеуніктерінің есімі жарияланбаған. Онда «үш қазақ шенеунігі» деп айтылады.

Дегенмен Saipem және басқа да мердігерлер кінәлі деп танылған сот ісі Батыс баспасөзінде, сонымен бірге жекелеген журналистік зерттеулерде жазылды.

Қазақстан үкіметі Қарашығанаққа қатысты соттағы жеңісін «өте жақсы жаңалық» деп сипаттаса, елдің батысында мұнай өндіретін алпауыт компаниялардың бірі қазақ экономикасына инвестиция құюды тоқтатып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз