Қызылшаның өршуіне байланысты министрлік ата-аналарға үндеу жасады

Жарияланды 6 Ақпан 2026 18:47

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
2025 жылдың аяғынан бастап науқастар саны артқан/фото: shutterstock

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның өршуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады.

Ведомство дерегі бойынша 2025 жылдың қарашасынан бастап қызылша жұқтырғандар саны көбейген. Науқастардың көпшілігі қызылшаға қарсы вакцина салдырмаған.

«Науқастардың 79%-ы қызылшаға қарсы вакцина салдырмаған, ал 8%-дан астамы вакцинаның толық курсын алмаған. Сырқаттанған балалардың 59%-ының ата-анасы вакцинадан бас тартқан», – делінген ақпаратта.

2025 жылдың өзінде вакцинадан 19 мыңнан астам адам бас тартқан. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың нашарлауына әкелді.

«Қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Вакцина салынбаған жағдайда пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін», – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, жыл басынан бері екі мыңға жуық адам (1 951 адам) қызылша жұқтырған. Ең көп жағдай Астана (581), Жамбыл облысында (339), Алматы (317) және Алматы облысында (146) тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз