Қысқы Олимпиаданың ашылуында Қазақстан туын кім алып шықты

Италияның Милан қаласында XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода ресми түрде басталды.
Мемлекеттер шеруінде Қазақстанның көк байрағын шорт-трек шебері Денис Никиша мен фристайл-могул спортшысы Аяулым Әміренова көтеріп шықты.

Биылғы рәсім бір мезетте төрт түрлі алаңда ұйымдастырылды. Денис Никиша Миландағы негізгі салтанатқа қатысса, Аяулым Әміренова шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо қаласындағы рәсімде болды.
Сондай-ақ Олимпиада алауы тарихта алғаш рет екі жерде қатар жағылды: Миландағы салтанат қақпасында және Кортина-д’Ампеццодағы Piazza Dibona алаңында. Биылғы ашылу рәсімі «Armonia» — «Үйлесім» деген атаумен өтті.

Милан-Кортина Олимпиадасы 6-22 ақпан аралығында өтеді. Бұл додаға әлемнің 90-нан астам елінен мыңдаған спортшы қатысып, қысқы спорттың түрлі бағыттары бойынша медальдарды сарапқа салады.
Қазақстан құрамасы бұл Олимпиадада 36 спортшымен 10 спорт түрінен бақ сынайды. Ұлттық құраманың қатысуымен өтетін жарыстарды Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.