Заманауи дизайн, жүрісі ұзақ: Chery жаңа QQ3-ті таныстырды

Chery компаниясы жаңа электрлі хэтчбек – QQ3 моделіне ресми түрде алдын ала тапсырыс қабылдай бастады. Көлік CLTC циклі бойынша 280-ден 401 шақырымға дейін жүре алады.
Алдын ала тапсырыс наурыз айының басында басталып, ай соңына қарай көлік жеткізіле бастайды. Жаңа модельге қызығушылық жоғары: алғашқы үш сағаттың өзінде 27 мыңнан астам алдын ала тапсырыс рәсімделген.
Таныс бейнеге ұқсас жаңа дизайн
Жаңа QQ3 дөңгеленген шанақ пішіні, ірі домалақ фарасы, жабық алдыңғы панелі, жартылай жасырылған есік тұтқалары және екі түсті айнасымен ерекшеленеді. Сыртқы келбеті заманауи әрі тартымды көрінеді.

Дегенмен, оның бейнесінен Mini стиліне ұқсас белгілерді аңғаруға болады. Сонымен қатар модельде өткенге ишара жасайтын элементтер де бар: тіректе орналасқан Q логотипі және есіктің төменгі бөлігіндегі CHERY жазуы.
Өлшемдері мен практикалық шешімдері
Көліктің өлшемдері – 4195×1811×1573 мм, дөңгелек базасы – 2700 мм. Салонда түрлі заттарға арналған 35 сақтау бөлімі қарастырылған.
Алдыңғы жүксалғыштың көлемі – 70 литр, артқысы – 375 литр, ал орындықтар бүктелгенде 1450 литрге дейін ұлғаяды.
Техникалық сипаттамасы қандай
QQ3 артқы жетекті электрқозғалтқышпен жабдықталған. Нұсқасына қарай оның қуаты 58 кВт (78 а.к.) немесе 90 кВт (121 а.к.) болады. Аккумуляторы – Gotion компаниясының LFP батареясы. Ең жоғары жылдамдығы – 125 км/сағ. Батарея сыйымдылығы әзірге жарияланбаған.
Ішкі бөлігінде Snapdragon 8155 чипіне негізделген 15,6 дюймдік 2.5K экран, цифрлық аспаптар панелі, жасанды интеллекті бар дауыс көмекшісі, 256 түсті жарықтандыру және сымсыз қуаттау жүйесі қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылы Chery әлемде кроссовер сатылымы бойынша ең көп сатылған қытайлық бренд атанған.