Қазақ қыздарына TikTok-та тіл тигізген шетел стримерлері ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев
Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев Алматыда абақтыға түсті / фото: instagram.com/_anarabdullaev_, instagram.com/renatkooo

Алматы соты әлеуметтік желіде былапыт сөз айтқан екі шетел стримерін 15 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарды. Олар тікелей эфирде қазақ қыздарына тіл тигізген.

Интернетте тайраңдауға жол жоқ

Полицияның хабарлауынша, шетелдіктер TikTok-та тікелей эфир жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті бұзатын, көпшіліктің ар-ұжданына тиетін сөздер айтқан.

«Медеу аудандық полиция басқармасы ұсақ бұзақылық жасаған екі шетел азаматына әкімшілік іс қозғады. Олар әлеуметтік желіде Қазақстан заңнамасын, қоғамдық тәртіпті бұзатын былапыт сөздер айтқан», – деп таратты полиция.

Іс материалдары Алматы қаласының ауданаралық әкімшілік сотына жолданған. Судья екеуін де 15 тәулікке қамау жөнінде шешім қабылдаған.

Мегаполис полициясы интернет кеңістігі жауапсыздыққа жол ашатын алаң емес екендігін ескертіп отыр.

«Әлеуметтік желіде айтылған сөздер, әрекеттер де қоғамдық орында жасалған іс-қимылмен тең жағдайда заң тәртібімен бағаланады», – делінген полиция таратқан мәліметте.

Құзырлы мекеме шетелдіктерге жергілікті заңнаманы сыйлауды, өзге елдің азаматтарын балағаттамауға кеңес берді.

Желі белсенділері қатаң жаза талап етті

Дегенмен блогерлердің ерсі әрекеті әлеуметтік желілерде жанжал туғызды. Интернет қолданушылар жазаның тым жеңіл екеніне айтып, стримерлердің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр.

Мәселен, журналист Михаил Козачков өзінің телеграм-арнасында тәртіп бұзған блогерлерге Қазақстанға кіруге 50 жылға тыйым салуды ұсынды.

Оның айтуынша, қазақ қыздарын тілдеген екеу: Ресей азаматы Анар Абдуллаев пен Грузия азаматы Ренат Пашаев.

«Заңнамада Қазақстанда қылмыс жасаған немесе тәртіп бұзған шетелдіктерді ел аумағынан мәжбүрлеп шығару тәртібі қарастырылған. Өкінішке қарай, тізімде ұсақ бұзақылық жоқ. Бірақ, менің ойымша, бұл жолы осындай жаза қолдануға әбден болады. Елге кіруге 50 жылға тыйым салсын», – деп ұсынды Козачков.

Желі белсендісі осы ұсынысы арқылы жақында Ресейден шығарылған Нұрлан Сабыровтың жағдайын еске түсірді.

Бұған дейін Kursiv.Media қазақтар мен қырғыздарды тілдеген Екатерина Бивол туралы жазған. Ол атақты боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі.

Ал 2025 жылғы қарашада ұлт араздығын туғызған қарағандылық блогер Алика Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз