Миллиардердің бұрынғы әйелі Әлия Жақсыбайқызы түрмеде қайтыс болды

Ресейлік миллиардер Александр Галицкийдің бұрынғы әйелі Әлия Галицкая тергеу изоляторында құпия жағдайда қайтыс болды. Баспасөзде оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы мәлімет тарап жатыр.
Әлия Жақсыбайқызы мен «Альфа-банк» директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Александр Галицкий 2025 жылғы наурызда ажырасқан. Екеуінің некесінен екі қыз бар. Балалар Ресей мен АҚШ азаматтығына ие.
Осы аптада ғана Галицкаяны бұрынғы күйеуінен 150 млн доллар бопсалады деген күдікпен ұстаған. Сот оны 3 сәуірге дейін қамауда ұстау жөнінде шешім шығарған.
Полиция 7 ақпанда «Истра» тергеу изоляторында 1979 жылы туған әйелдің мәйіті табылғанын растаған, бірақ оның аты-жөнін атамаған. Қазір жабық мекемеде тексеру жүріп жатыр.
Әлия екі қызымен бірге Мәскеу облысында тұрып жатқан. Мәліметтерге қарағанда, Калифорния Жоғарғы соты балаларды анасымен қалдыру жөнінде шешім қабылдаған. Дегенмен 2025 жылғы мамырдың аяғында әкесі балаларды мектептен алып кеткен.
Базикова Әлия Жақсыбайқызы 1979 жылғы 16 наурызда Ресейдің Орынбор облысы Медоногорск қаласында қазақ отбасында дүниеге келген. Оның балалық шағы туралы мәлімет аз. 2003 жылы Мәсеу қаржы және заң университетін бітіргені мәлім. Әлия әлеуметтік желілердегі парағын жүргізуді 2024 жылы тоқтатқан. Instagram-да екі жыл бұрынғы жазбаларының бірі қазақ суретшісі Әсел Сабыржанқызы жолдаған сыйлыққа арналған.